General Motors-тың шығынды активін сатып алушы табылды

Associated Press-тің хабарлауынша, Saturn маркалы көлікті сатуға маманданған бір топ американдық автодилерлер және Оклахомадағы Black Oak Partners LLC инвестициялық фирмасы General Motors-тан аталған сауда маркасын сатып алуға ниетті екендерін мәлімдеді.

Бұдан бұрын General Motors шығынды қысқарту мен қайта құрылымдау бағдарламасының жоспары аясында Saturn брендін сататындарын жариялаған.

Американдық автоконцерн 33 мемлекетте жолаушы және жүк тасымалдаушы көліктер шығарады. Компания Buick, Cadillac, Chevrolet, GMC, GM Daewoo, Holden, Opel, Pontiac, Saab, Saturn және Vauxhall брендті көліктерді сатуда.

Қаржылық дағдарыстың салдарынан корпорацияның әлемдік сатылым көлемі 2008 жылы 10,8%-ға төмендеді, сонымен бірге Солтүстік Америкадағы сатылым 21,1%-ға қысқарды. Сұраныстың зор көлемдегі азаюына байланысты корпорация 2008 жылы өзінің АҚШ пен Канададағы 20 зауытын уақытша жабатынын жариялаған.