Оңтүстік Қазақстанда 3 құқық қызметкері пара алған деген күдікпен ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облыстық ҰҚК департаментінің қызметкерлері ИЧ 167/2 түзету мекемесінің оперативтік уәкілі мен екі сот үкімін орындаушыны пара алды деген күдікпен ұстады, — деп хабарлайды «Қазақстан Бүгін» агенттігі.

Сайрам ауданының Турдыабад кентінде ОҚО ҰҚКД оперативтік-тергеу тобы қолға түсірген ИЧ 167/2 түзету мекемесінің оперативтік уәкілі, әділет саласының аға лейтенанты күйеуі 13 жылға бас бостандығынан айрылған әйелден оны шартты түрде мерзімінен босатып беру үшін 750 мың теңге көлемінде пара алған деген күдікке ілінді.

ҰҚКД тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 177 бабы, 3тармағының «б», 2 тармағының «в» тармақшасы, 312 бабының 2 тармағы, 28 бабының 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сонымен бірге Шымкентте Абай аудандық сот үкімін орындаушылар бөлімінің сот үкімін орындаушысы мен осы бөлімнің бастығы міндетін уақытша атқарушы қала тұрғынынан заңсыз салынған гаражды бұзу туралы шешімін орындауды кейіндете тұру үшін 300 АҚШ доллары көлемінде пара алу әрекеті кезінде қолға түскен деп хабарланып отыр.

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 311 бабының 4 тармағының «б» тармақшасына сәйкес іс қозғалған.