ҚР Ұлттық банкі: несиелер көлемі сәуір айында 24%-ға азайды

Қазақстан банктері берген несиелер көлемі биылғы жылдың сәуір айында 24%-ға азайды, — делінген ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланған мәліметте.

Республика банктері сәуір айында 370 миллиард 412 миллион теңге несие берген, бұл наурыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 24%-ға азайған. Несиелер орташа есеппен жылына 14,9% -бен берілген.

Берілген несиенің 316,8 миллиард теңгесі банктік емес заңды тұлғаларға тиесілі болған, ал жеке тұлғалар 53,6 миллиард теңге несие алған.

Сәуір айында несиедегі ұлттық валютаның үлесі көбейген. Ағымдағы жылдың қаңтар айында жалпы несие сомасындағы теңгенің үлесі 43% болса, наурыз айында – 45%, сәуірде 50%-дан асқан. Екінші деңгейлі банктер сәуір айында ұлттық валютамен 301,6 миллиард теңге несие берген.