Мас күйінде көлік жүргізді деп айыпталған Әділет вице-министрі ақталды

Астананың әкімшілік соты Әділет вице-министрі Марат Бекетаевты ақтап, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатуға және оның жүргізушілік куәлігін қайтаруға қаулы қабылдады.

Бұдан бұрын Астана дол полициясы басқармасының бастығы Бақыткелді Айқымбеков: «Жол үстіндегі тәртіпті реттеу барысында біз көптеген шенеуніктерді ұстадық, өздеріне заң жоқ деп білетін олардың көбі зардап шекті. Шенеуніктердің қатарында мас күйінде көлік жүргізген Әділет вице-министрі Марат Бекетаев та қолға түсті», — деген болатын.

Өз кезегінде Әділет вице-министрі де өзінің дұрыстығын дәлелдеп шығатынын, ұсталған кезде мас болмағанын айып, сотқа шағымданған еді.

«Жұмадан сенбіге қараған түні сағат екілерде жол полициясының қызметкерлері Молдағұлова көшесінде мас күйінде рульге отырған «Тойота-Камридің» жүргізушісін ұстаған. Құжаттарын тексерген кезде ол ҚР әділет вице-министрінің қызметтік куәлігін көрсеткен», — деген Астана жол полициясы басқармасының бастығы Б. Айқымбековтің ақпаратын 23 маусым күні хабарлаған болатынбыз.

32 жастағы Марат Бекетаев ҚР Әділет вице-министрі болып 2007 жылдың 7 маусымы күні тағайындалған. Оған дейін ҚР премьер-министрінің кеңесшісі болып қызмет атқарған. Қызметтік міндетін қалтқысыз орындағаны үшін «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.