«Қазақмыс» бұрынғы жұмысшыларына өтемақылық қарызын төледі

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жезқазғанцветмет» өндірістік бірлестігі автотранспорт кәсіпорнының бұрынғы 530 жұмысшысына өтемақылық қарызын төледі.

Сәтпаев қалалық прокуратурасының тексеруіне сәйкес, «Қазақмыс корпорациясы» наурыз айында бұл жұмысшылармен еңбек шартын тоқтатқан, бірақ жыл сайынғы пайдаланылмаған демалыстың 20 миллион теңге көлеміндегі ақысын төлемеген.

Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін пайдаланылмаған немесе толық пайдаланылмаған демалыстың ақысына өтемақы төленуі тиіс.