Қуанышбек Жұманов: Алмарасандағы апатқа көлік тежегішінің істен шығуы себеп болған

Алматыға жақын Алмарасан шатқалындағы жолда орын алған жол апатына жүк көлігі тежегішінің істен шығуы себеп болған. Алдын-ала жасалған сараптама қорытындысы осыны көрсетті, — деп хабарлады Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қайғылы оқиға жексенбі, тамыздың 16-сы күні кешкі сағат 6-да алматылықтардың жиі баратын – Алмарасан шатқалындағы жолда орын алған еді. Экологиялық таза аймақ белгісіне жақын тұрған «Тойота» көлігіне тау жақтан келе жатқан Қытайдың «Ховер» жүк көлігі соғылып, соның салдарынан жеңіл автомашинадағы 5 адамның, мұнан өзге аялдамада автобус күтіп тұрған тағы бірнеше адамды басып кеткенін хабарлағанбыз. Сөйтіп бұл апаттың салдарынан жүк көлігінің жүргізушісін қосып санағанда, 11 адам қаза тапты.

«Сот-медициналық сараптама жұмысы әлі жалғасуда. Сондықтан да бұл апат бойынша жүк көлігінің иесі болып табылатын «Прогресс» корпорациясының басшылығын қандай да бір жауапқа тарту әзірге ерте. Оның үстіне көлік жүргізушісі ишемиялық жүрек ауруымен ауырған, ал оның өлімі аурудан, не апаттан екенін сот-медициналық сараптамасы анықтайтын болады», — дейді Ішкі істер министрлігінің өкілі.