Қазақ диссиденті Кәрішал Асанов. Өмір белестері
Диссидент Кәрішал Асанов. Алматы, 1990 жыл. Кәрішал Асанов – советтік Қазақстандағы бірлі-жарым диссиденттердің бірегейі. Қонаевтың тұсында оның аузын аштырмады, Колбин тұсында қуғынға ұшыратты. Оппозициямен достасқан емес, одан бойын аулақ ұстады. Ол өмірден өз жолы, өз шындығы бар адам болып өтті.
Кәрішал Асанов (оң жақта) Талдықорған облысындағы Жетісу колхозында. 1957 жылы институтты бітірген соң Кәрішал Асанов Талдықорған облысындағы Жетісу колхозына орта мектеп мұғалімі болып жолдамамен барды. Арада бір ай өтпей жатып, аудандық партия комитетінің бюросында оны оқу ісінің меңгерушісі қылып бекітеді де, бірден партия мүшелігіне кандидат етіп қабылдайды. Ол заман - жоғары білімді адамдардың тапшы кезі.
Кәрішал Асанов Қыздар педагогикалық институтының акт залында. Бұл - 1960 жыл, ол бойдақ болатын. Кәрішал Асанов мектеп, кейіннен студенттік жылдары да әдебиетпен, поэзиямен әуестенді. Ара-тұра көңіл қошы келгенде өлең, мақала жазып жүрді. Бірнеше өлеңі «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Жиналып қалған қаламақыға қатқан қара кәстөм сатып алған күні де болды. Қылшылдаған жас жігітке қиыла қараған күлімкөздер де аз болмаған.
Кәрішал Асанов (оң жақтан екінші) Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, этнография және археология институтында қызмет істеген әріптестерімен бірге.
Қазақ Ғылым Академиясы кәсіподағының төрағасы Кәрішал Асанов (сол жақта) сенбілікте, 1974 жыл. Кәрішал Асановқа бір күні Ғылым Академиясының бірнеше қызметкері келіп, академия жанынан бірлескен кәсіподақ комитеті құрылып жатқанын, соған төраға қажет екенін айтады. Белгілі болғаны — кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымына үміткерлердің саны 11 адам боп шықты. Қитұрқы ойындар басталып та кеткен. Академия басшылығы мен партия органдарының бұл қызметке алдын ала даярлаған өз адамдары бар. Бірақ, Ғылым Академиясының қатардағы қызметкерлері бұл қызметке Кәрішал Асановты лайықты деп тапты. Ол заманда бұл таңғажайып оқиға болып көрінсе де, оларға өздері қалаған кандидатты басым дауыспен сайлаудың сәті түсті.
Кәрішал Асанов (сол жақта) академиктермен бірге – ол Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың портретін ұстап тұр. Өзінің айтуынша, сол уақытта әріптестерінің бірі портретті ұстай тұруға өтініш білдіргенде, фотограф оларды суретке түсіріп алған.
Кәрішал Асановтың әйелі Нұриләмен отбасы құрғандарына 20 жыл толатын жылы түскен суреті. Бір күні ол кездейсоқ өзінің болашақ қалыңдығы - Қазақ педагогикалық институтының студенті Нұрилә сұлумен танысты. Қызды көрген бетте Кәрішал өз теңін жолықтырғанына сенімі кәміл болды. Бұл бұлақ суындай мөлдір, пәк махаббат еді. Өзіне сөз салған жігіттің жан сырына жібіген қыз жүрегіне де ыстық сезім ұялады.
Кәрішал Асановтың отбасы. Суретте: әйелі Нұрилә, баласы Болат және қызы Қарғашпен бірге.
Кәрішал Асанов (оң жақта) құдасы және немересі Акиномен бірге. Ол немересінің есімін сол кездегі Филиппин президенті Корасон Акиноның құрметіне қойды.
Вашингтондағы Ақ үйдің алды. Кәрішал Асанов 2001 жылы АҚШ конгресінің арнайы шақыруымен Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтарының жағдайы туралы өткізілген жиынның қонағы болды.
Кәрішал Асанов немересі Меруертпен бірге, 2005 жыл. Кәрішал Асанов 16 жасында не аға-інісі, не әпке-қарындасы жоқ тұлдыр жетімге айналды. Оның әкесі 1951 жылы қараша айында дүние салмас бұрын баласын шақырып алып: «сенің азамат болғаныңды көрдім, алда ұзақ та мағыналы ғұмыр кешетініңе сенемін, сондықтан менің жаным тыныш» деген соңғы сөзін айтып бақилық болды.
Кәрішал Асанов, Алматы 2007 жыл. Қазақ диссиденті, жазушы Кәрішал Асанов 2015 жылы наурыздың 26-сы күні кешке Алматыдағы өз үйінде 79 жасында дүниеден өтті.