Алматыда Жовтисті қолдау акциясы басталды

Сәрсенбі күні түсте журналист Жанна Байтелова, Алматы тұрғыны Ольга Оразбекова және өзін таныстырудан бас тартқан тағы бір студент, «Бүгін - Жовтис, ертең - сен!» акциясы аясында, адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтиске қатысты шығарылған сот шешіміне өз наразылықтарын білдіру үшін Алматының Арбатына шықты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция акция өткізушілерден жеке төлқұжаттарын көрсетуді талап етті.

Қыркүйек айының басынан бері сәрсенбі сайын өткізіліп келе жатқан көпшілік акцияны журналист әрі саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастаса, наразылық акциясын журналист Андрей Свиридов, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен журналист Сергей Дуванов әрі қарай жалғастырды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Жовтис ісі» бойынша апелляциялық шағым 20 қазанда қаралады.