Чехиядан депортацияланған Марғұланның туыстары оның қайда екенін білмейді

Чехиядан күштеп қайтарылған қазақ азаматы Марғұлан Мұхамбетовтың туыстары оның қайда екендігін білмейтіндерін хабарлады. Мұхамбетовтың анасы Қалима Кәмиева Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында: "Марғұланның Алматыға жеткізілгенін интернеттен оқығандары жайлы ауылдағы таныстарымыздан есіттік. Ал өзі әлі бізге тікелей хабарласқан жоқ",-деп мәлімдеді.

Үш жыл бойы босқын мәртебесін сұрап келген «таза дін» мұсылман қауымының өкілі Мұхамбетовті чех офицері 11 қазан күні «Прага-Алматы» әуе бағытымен келіп Қазақстанның шекара қызметіне тапсырды.

Чехияда 200-ден астам "таза дін" қауымының өкілдері тұрады. Оларды билік орындары салафиттер деп атайды. Халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдардың алаңдаушылығана қарамастан, Чехия билігі оларға босқын мәртебесін бермей отыр.