Таразда журналист Есіргеповтің шағымы қаралмақ

Бүгін Жамбыл облыстық сотында «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің Тараз қалалық сотының шешіміне қатысты апелляциялық шағымы қаралады.

Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған журналистің жұбайы Раушан Есіргепованың айтуынша, апелляциялық шағымды Рамазанның өзі жазған. «Бірақ оны өз шағымы қаралатын сотқа әкелер-әкелмесін білмеймін», — дейді Раушан Есіргепова.

Биылғы жылдың тамыз айының басында Рамазан Есіргепов Тараз сотының үкімімен түрме жазасына кесілді. Сот журналисті ҰҚК-нің қызметтік құпиясын заңсыз жолмен алып, оны газет бетінде жариялағандығы үшін айыпты деп тапты. Есіргепов үш жылға бас бостандығынан айрылып және оған екі жыл бойын баспа қызметімен айналысуға шектеу қойылды.