Мұнайдың бағасы баршаны қанағаттандырады

Мұнай экспорттаушы елдердің ОПЕК ұйымы 1 баррель шикізаттың бағасы 100 долларға дейін көтерілмесе, онда 22 желтоқсанда өтетін мәжілісінде мұнай өндіру квотасын көтереді. ОПЕК-тің президенті Жозе Ботольо де Васконселос осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, экспорттаушылар да, сатып алушылар да 1 баррель мұнайдың қазіргі 75-80 доллар бағасына риза, ал одан қымбат мұнай әлем экономикасының даму қарқынын бәсеңдетуі мүмкін.
Қатарына 12 ел кіретін ОПЕК ұйымы бүкіл дүние жүзіндегі мұнай 40 пайызын өндіріп, шамамен 50 пайызын экспорттайды. Ол қаңтар айынан бері мұнай өндірісінің квотасын қайта қараған емес. Қазір Нью-Йорк биржасында 1 баррель шикізатын бағасы 80 доллардың төңірегінде. Өткен жылдың шілдесінде 150 долларға жақындап көтерілген болатын.