Қырғыз мигранттары фамилиясын совет кезіндегідей өзгертіп жатыр

Қырғызстанның Баткен аймағындағы көптеген адам өздерінің фамилиясына қайтадан совет заманындағыдай «ов», «ев», «ова», «ева» жалғауларын қосып алып жатыр.

Азаттықтың қырғыз редакциясына Баткен аймағының азаматтық құжаттар орталығының басшысы Гүлмира Омошева хабарлағандай, соңғы 9 айда жергілікті 320 адам қырғыз тіліндегі өз аты-жөндерін өзгертіп, қайтадан совет кезіндегі орысша жалғауларын қосып алған.

Олардың көбі Ресейге нәпақа табу үшін баратын еңбек мигранттары екен. Олар қырғыздың дәстүрлі аты-жөндері Ресейде жұмысқа тұруда қиындық әкелетінін алға тартып, фамилиясы орысшаға келсе, өздерінің Ресей азаматтығын алуы оңайға түсетінін айтқан.

Совет одағы құлағаннан бері Орта Азияның көптеген тұрғындары аты-жөндерін дәстүрлі тегіне ауыстырған болатын.