Қазақстандық жастар қоғамдық комиссия құрмақ

Қарашаның 11- күні Қазақстандағы жастар қозғалыстары («Абырой», «Болашақ», «Арман», «Ел болашағы») қоғамдық комиссия құрмақ. Қозғалыс өкілдері сонымен бірге қарашаның 22-сі күні жастар шеруін өткізетінін де хабарлап отыр.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне мәлімет берген «Абырой» жастар қозғалысының төрағасы Азамат Жетпісбаевтың айтуынша, жастардың талабы далада қалған Керей мен Жәнібек ескерткіштерінің тиісті орнына қойылуы.

«Билік хандарымыздың ескерткіштерін Түркістанға немесе «Арай» саябағына қоймақшы екен. Бұған біз қарсымыз», — деді Азамат Жетпісбаев.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қазанның 27-і күні Керей мен Жәнібек хандар ескерткіштерінің далада жатқанына наразылық танытқан жастар оларды орнына қоюға билікке екі апта уақыт берген болатын. Егер талаптары орындалмаған жағдайда бүкілреспубликалық жастар шеруін ұйымдастыратындықтарын айтқан еді.