Иран полициясы шерушілерге газ қолданды

Бүгін Иран полициясы Теһран орталығындағы алаңға үкіметке қарсы ұрандар айтып шыққан оппозициялық шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен сойылдарды қолданған.

Хабарларға қарағанда, бұл наразылық шеруі Иран 1953 жылғы бұрынғы Шах кезінде өлтірілген үш студентті еске алып жатқан тұста орын алды. Куәгерлердің айтуынша, бірқатар оппозиция қолдаушылары қамауға алынған.

Және наразылық танытушылар бірін-бірімен байланыспауы үшін Теһрандағы ұялы телефон операторлары жұмысын тоқтатқан. Бұл шараларға шетелдік ақпарат құралдарының қатысуына тыйым салынғандықтан, мәліметтер тәуелсіз түрде расталмады.

Осының алдында Иран полициясы шеруге шығуға жол бермеу үшін Теһран университетін қоршап алды деп хабарланған.

Иран оппозициясының қолдаушылары маусым айынан бері президент Махмуд Ахмадинежадтың қайта сайлануына наразылық танытып келеді.