Қазақстандық ұшқыштар қару тасып бара жатқанын білмеген дейді туыстары

Тайландта ұсталған Ил-76 ұшағының экипажы өздерінің қандай жүк тасып бара жатқанынан бейхабар болған. Бұл туралы қамауда отырған ұшқыш Ильяс Исаковпен телефон арқылы байланысқан оның қызы Наталья Исакова хабарлап отыр.

Ол Бангкок түрмесінде жатқан әкесімен сөйлескенде, экипаж мүшесі болған Исаков “біз мөр басылған контейнерлердің ішінде не болғанын білмегенбіз, біздің қолымызда ол заттар мұнай өндіру жабдықтары делінген құжат бар” деген. Бұл туралы Исаковтың қызы Караван басылымына берген сұхбатында айтты.

Ал ұшқыш Исаковтың тағы бір қызы Галина Тайландтағы Қазақстан консулымен байланысқанында, ол Тайланд барлық мәліметтерді жасырын ұстап отыр, бірақ ұшқыштарға үшінші айып тағылды деді.

Сондай-ақ Қазақстанның әуеқызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Шмидт Сабиров қазақстандық ұшқыштар алданып қалған деп отыр. Өткен сенбіде 35 тонна қару-жарақ тиеген Ил-76 ұшақтың экипажы Тайландта тұтқындалған болатын.

Грузияда тіркеліп, Жаңа Зеландия компаниясы жалға алған ұшақ Солтүстік Кореядан Шри-Ланкаға бара жатып, жанар май құю үшін Бангкокқа тоқтағанда ұсталды.

Енді ұшқыштарды 2 жылдан өлім жазасына дейін үкім күтіп тұр дейді министрлік өкілдері. Экипаждың үш азаматы қазақстандықтар болып отыр.