Павлюктің қазасына қырғыз азаматтарының қатысы бар

Қазақстан ІМ-нің баспасөз-қызметі «16 желтоқсан күні Алматыда Қырғыз республикасының азаматы Геннадий Павлюктің өліміне қатысты жүргізілген тергеу-тексеру амалдарының нәтижесі бұл қылмысқа Қырғызстанның бірнеше азаматының қатысы бар екенін анықтады деп хабарлады.

«Қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық іс ауқымында полиция қажетті тергеу-тексеру амалдарын жүргізуде. Сонымен бірге жиналған мәліметтер мен дәлел-дәйектерді қырғыз жағының тиісті орындарына беру мәселесі де шешілуде,"- деп атап көрсетілген баспасөз-қызметінің хабарламасында.

Геннадий Павлюкті 16 желтоқсан күні Алматыда көпқабатты үйдің бірінің терезесінен біреулер лақтырып жіберген. Ол ауыр жағдайда бірнеше күн жатқаннан кейін есін жинамастан қайтыс болған еді.