Әблязов менеджерлердің түрмеге кесілгенін сынады

Қазақстаннан тыс жерде жүрген Мұхтар Әблязов БТА банкпен байланысты 12 менеджер мен кәсіпкердің түрлі мерзімге түрме жазасына кесілуіне қатысты өз ұстанымын айтты деп хабарлайды ҚазТаг агенттігі.


Бүгін интернет сайттарында жарық көрген мәлімдемесінде Әблязов өзінің бұрынғы әріптестері мен банкирлерге қарсы өткізілген сот поцесін тапсырыспен болған жайт деп сипаттайды.


«Ақылға симайтын айыптаулар негізінде 12 адам абақтыға жабылды, 30-дан астам кісіге іздеу жарияланған, ал 40 азамат еркіндік пен тергеу ісіне көмектескенінің өтеуі ретінде өздерін қылмыскер деп мойындауға мәжбүр болды»,-деп атап көрсетілген мәлімдемеде.


Осы жылдың басында үкімет БТА банкті мемлекет меншігіне өз алған болатын. Сол кезде БТА банк директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязов қызметініне алынды. Кейінірек Әблязов пен басқа да бірқатар банк жетекшілеріне сыбайласқан жемқорлық айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


25 желтоқсанда Әблязов ісіне қатысты 12 менеджерге сот үкімі шығарылып, олар түрлі мерзімге түрме жазасына кесілді.