Барак Обама: Йемен және Сомалиге әскер жіберілмейді

АҚШ президенті Барак Обама Йемен және Сомалидегі содырларға қарсы тұру үшін бұл елдерге өз әскерін жібермейтіндігін мәлімдеді.

Американдық People журналына берген сұхбатында Обама «Әл-Қаида» террорлық тобының күштері Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы ауданға шоғырланған деп атап көрсетті. Ақ үй басшысының пікірінше, Йемен мен Сомалиде халықаралық әріптестердің ынтымақтасқан әрекеттері мейлінше нәтижелі болар еді.

Бұған дейін АҚШ президенті «Әл-Қаиданың» Араб түбегіндегі Йеменде шоғарланған бөлімшелерінің 25 желтоқсанда іске аспай қалған террорлық шабуылды дайындауға қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Сол кезде Нигерия азаматы американдық лайнерді жарып жібермек болған еді.