Кабулдегі жарылыстан қаза болғандар саны өсті

Ауғанстан астанасының орталығындағы сауда үйінде тіркелген террорлық шабуылдан кем дегенде 14 адам қаза болды, 30-ға жуық кісі жараланды. Қаза болғандардың арасында Үндістанның төрт азаматы бар.

Ауған билігінің хабарлауынша, жанкешті ірі сауда орталығы мен қонақ үйге жақын маңда жарылғышты іске қосқан. Төтенше оқиғаның куәгерлері жарылыстан кейін бірнеше мәрте оқ атылғандығын айтады.

«Талибан» қозғалысының өкілі Забихулла Муджахид «Рейтер» агенттігіне телефон арқылы хабарласып, террактіні ұйым өз мойнына алатындығын мәлімдеді.

Кабулде соңғы мәрте террорлық шабуыл 18 қаңтарда тіркелген еді. Сол кезде жанкештілер мен содырлар үкімет мекемелерін нысанаға алған болатын.