Тәжікстанның орталық сайлау комиссиясы президент Эмомали Рахмонның Демократиялық партиясы сайлауда 71.7 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті деп мәлімдеді. Сондай-ақ оппозициялық Ислам жаңғыруы партиясы мен үкіметшіл коммунистік партия парламенттегі бірнеше орынға қол жеткізді деп хабарланып отыр.
Жексенбі күні өткен парламенттік және жергілікті сайлауларды бақылаған ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары дауыс берулер барысында айтарлықтай заңбұзушылықтар болды деп мәлімдеді. ЕҚЫҰ-ы Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Пиа Кристмас-Моллер дүйсенбі күні Тәжікстандағы сайлау көптеген демократиялық талаптарға сай келмеді деген мәлімдеме таратты. Оның айтуынша, сайлауда дауыс берулер бұрмаланып, басқа адам арқылы дауыс беру оқиғалары орын алған.