Канада Иранға қарсы жаңа санкциялардың енгізілуін қалайды

«Үлкен сегіздік» форумына төрағалық етуші Канада өзінің ықпалын Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізу үшін пайдалануды көздейді. Бұл туралы Канаданың сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Мекеме басшысы Лоуренс Кэннон бұл мәселені «Үлкен сегіздік» тобындағы әріптестерімен наурыздың аяғында өтетін мәжілісте талқылауды жоспарлап отыр.

Теһран өзінің ядролық бағдарламасы бойынша әлемдік қауымдастықпен әріптестік орнатудан бас тартқаннан кейін, бірқатар батыс елдері Иранға қарсы санкцияларды күшейтуді талап етті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның айтуынша, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі санкциялардың жаңа пакетін дайындауға кірісті.