Алматы облысындағы тасқын салдарын жоюға 500 миллион теңге бөлінді

Қазақстанның ұлттық компаниялары Алматы облысының Ақсу ауданында болған тасқын салдарын жоюға 500 миллион теңге бөлуі қажет. Бұл туралы Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов сейсенбі күнгі үкімет отырысында мәлімдеді.

Одан өзге, үкімет басшысының орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бюджет қаржысынан "тасқынан зардап шеккен әрбір отбасына 500 мың теңгеден бөлінгенін" атап өтті.

"Соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқан 37 кісі: 9 ер адам, 19 әйел, 9 бала табылды", - деді министр Исекешев.

Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасында жауған жаңбыр мен ауа температурасының көтерілуі салдарынан 11 наурыз күні жергілікті сағат 22.20-да тоғанның шығыс жағы бұзылды. Соның салдарынан 3 мың адам тұратын Қызылағаш ауылындағы 257 үй судан бүлінді.