Қаржы полициясы: Тимур Құлыбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалмайды

БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың «Қазмұнайгаз» активтерінің заңсыз саудасы туралы мәлімдемелеріне қатысты тергеу жүргізген қаржы полициясы Тимур Құлыбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаров бүгін Астанада өткен брифингте хабарлады.

Қожамжаровтың айтуынша, «тексерудің нәтижелері Құлыбаевтың және басқа да лауазым иелерінің іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ екендігін көрсетті, агенттік қылмыстық іс қозғамау туралы шешім қабылдады».

Әблязов, Қазақстан және Қытайдың билік органдарына жолдаған мәлімдемелерінде, "Самұрық-Қазына" ұлттық қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевты аса ірі көлемде қаржы ұрлады деп айыптаған болатын.