БҰҰ бас хатшысының Орта Азия елдеріне сапары басталды

Бүгін БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның Орта Азия елдеріне сапары басталды.

Алғашқы болып Түркменстанға баратын Пан Ги Мун, сол елдің басшысымен келіссөздер жүргізуді көздеп отыр. Одан кейін бас хатшы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанға келмек.

Орта Азия мемлекеттерінің жетекшілерімен болатын кездесулер барысында қауіпсіздік, экология және кедейшілікпен күрес мәселелері сөз болады деп жоспарланған.

Одан өзге Пан Ги Мун бүгінде экологиялық апатты жағдай қалыптасып отырған Арал теңізі мен Семейдегі бұрынғы ядролық сынақ полигоны аймағына барады деп жоспарлануда.