Сомалидегі исламшыл топтар радиодан музыка беруге тыйым салды

Сомалиде көптеген радиостанциялар исламшыл топтардың талабы бойынша әуеге музыка беруді доғарды.

Жеке бас қауіпсіздігіне алаңдаған радиостанция басшылығы өздерінің бұл тыйымға көнуге мәжбүр екендігін айтып отыр.

Музыкалық хабарларды таратпауды «Хизбуль-Ислам» тобы талап еткен. Радикалды исламшыл топ бұдан бұрын елдің бірқатар аудандарында кинофильмдер мен футбол ойындарын көруге тыйым салып, ер адамдарға сақал өсіруді міндеттеген.

1991 жылдан бері іс жүзінде орталық үкіметі жоқ Сомалидің көптеген аймақтарын исламшыл жасақ бақылауда ұстап келеді.