Қазақстанға келген қырғыздар тіркелуі тиіс

Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының Қазақстан аумағында ресми тіркеусіз жүру тәртібі күшін жойды. Ол туралы бейсенбі күні Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов хабарлады.

Қазақстанда қырғыз азаматтарына 90 күн, тәжік азаматтарына 30 күн тіркеусіз жүру тәртібі 13 сәуірден бастап күшін жойды, - деп мәлімдеді ресми өкіл.

А.Әбдірахмановтың түсіндіруінше, бұл тәртіптің күшін жоюы Қырғызстандағы халық толқуымен еш байланысы жоқ. «Бұл Кеден одағын қалыптастыруға қатысты жоспарлы жұмыс, Қырғызстандағы соңғы оқиғалармен кездейсоқ қатар келіп қалды», - деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы істер мекемесінің өкілі.