Тележәшікті қосқан ем. Депутаттар «...қылмыстық жауапкершілікке ешқашан тартылмасын... суретін жыртқандарға 20 жылдан кем бермейік» деп дуылдасып жатыр. Ештеңе ұға алмай, канал ауыстырдым. Отандық бір телеарнаға түстім. Ресей саяхатшысының Үндістан туралы репортажын беріп жатыр.
Жорналшы «В Индии даже на поранение коровы можно попасть в тюрьму» деп, сиырдың қасында тұр. Ары қарай тіпті қызық! «Полагают, что в каждой корове присутствует часть Божественного. В стране огромное количество бедных людей, при этом никто не трогает коров. Считается, что те, кто отдаст корове часть своего обеда – достигают милости божества, которое присутствует в теле коровы».
Осы жерінде Үндістанға барып келген орыс досымның әңгімесі есіме түсті. Көргенін айтып жеткізе алмай, «увидел воочию, коровы проходят первыми. Автомобилисты и пешеходы уступают дорогу без слов» деп шашалып отыр. «Мұндай жағдай еврей халқында да болды» деп қояды. «Мұса пайғамбар Тұр тауына кеткенде олар Құдайды ұмытып, «Алтын бұзауға» табынып кеткен» деп ішегі қата күлді. Бірігіп күлдік. Бірақ мен күлкімді жиып ала қойдым. Түсім суып кетсе керек, ол сәл іркіліп, мені күлдірмек ниетпен 2003 жылы Үндістанның биліктегі Бхаратья Джаната партиясы сиырды мемлекеттік қорғауға алу туралы заң шығарғанын айтты. Осы заңның кесірінен алмас (алмаз) сатушы Джулбай Раджпут деген адам бар байлығынан айрылыпты.
Оқиға былай болған. Сиырдың жемір хайуан екенін білеміз. Джулбай Раджпуттың сатайын деп дорбаға түйіп қойған 1722 асыл тасын сиыр жеп қойған. Заң бойынша сиырға қол тигізуге болмайды. Елдің көзінше шыр-пыр болған Раджпут сотталып кетпес үшін сиырды үркіте де алмаған. Әрі жұрттың табынғанына үйреніп кеткен сиыр халықты көзге ілмейді екен. Алмастың бағасы - 780 млн доллар! Сөйтіп, сиырдың жапасынан тек 300-ге жуық асылдарын ғана тауып алған Раджпут «құдайды» соймаса, қалған байлығын ала-алмайтынын ұққан. Оқиға Үндістан газеттеріне де жарияланады. Бірақ Парламент сиырды союға рұқсат етпепті. Қарызға батқан Джулбай Раджпут ақыры асылып өлген екен.
Күреңітіп кеттім. Маған не болғанын түсінбеген досым қабағыма бір қарады да, кофе дайындау үшін ас үйге кетті.
kondihul@yandex.kz