Бір күнгі тіршілік

Қазақ блоггері Нұржан Кенже


Таңертең. Аялдама

Жолаушылар көп. Барлығында дорба. Көлемдері де бірдей. Тек екі айырмашылығы бар: сол дорбаның қайда бара жатқандығында және иесінің ұлтында. Белгілі болды. Біраз дорба – тауға, ал біразы – базарға бара жатыр.

Сәске. Автобус

– Әмияным жоқ..
– Ұялы телефоныма звондаңыздаршы. Тез-тез. Қазір өшіріп тастайды.
– Қайтарып беріңіздерші. Ішінде маңызды телефон номірлері бар еді... Қайтарыңыздаршы...
– Балам, үлкендерге орын берсей...
– Қазіргі жастарда ұят жоқ. Үлкенді сыйлау, кішіге құрмет деген.... Заман не болып барады.
Осындай күбір-күбір сөздер. Бұл әңгімелер отырған жастарды шыбын шаққан құрлы болмады. Себебі, құлақта «наушник», көзде қара көзілдірік».

Тал түс. Әмбебап базар

– Арзан ұялы телефон. Өз бағасы – жиырма бес, сізге он мыңға беремін. Ақша керек болып тұрғаны.
– Аға, иіс су, сақал қырғыш бар. Көтерме бағасы – екі жарым. Сенбесеңіз «Яланға» барып көріңіз. Сізге арзан беремін. Екі мың деп тұрмын. Енді сіз айтыңыз. Маған өткені пайда, Аға! (Неге көтерме бағадан арзан екеніне таңмын).
– Күртелер бар...

Кеш. Концерт залының кассасы.

– Осы кешке кірмесем болмайды. Қарап көрші, Қарағым! Мүмкін бір билет табылар.
– Не деген түсінбейтін адамдар мынау. Айттым ғой «Жоқ» деп. «Нету»!!!!
Кассадан сәл ғана қашықта жастар тұр.
– Концертке билеттер бар. Алдыңғы орындар дейсіз бе, ортасы дейсіз бе, қалаған жеріңізден. Әр-түрлі бағадан.
– Бере қойшы, балам. Ортасынан. Бағасы қанша.
– Алты мың теңге.
– Онда артқы орындардан бере сал.
– Төрт мың теңге.
Билетті алған аға табылғанына риза. Бірақ онда «Билет құны – 1000 теңге» деген жазу тұр.

Қызу тіршілік. Зерігуге уақыт жоқ. Ертең не болар екен?!

kns78@mail.ru