Грузияда журналиске қарсы қылмыстық іс қозғалды

Грузияда Оңтүстік Осетия арқылы Ресейге қашқан белгілі журналистке қарсы қылмыстық іс қозғалды.

«Georgian Times» медиа-холдингісінің иесі әрі «Халықтық православие қозғалысының» көсемі Малхаз Гулашвили «Кавкасия» телеарнасындағы төбелестен кейін өзін тұтқындай ма деп сескеніп осыдан 1 ай бұрын Ресейге қашты.

Телеарнаның кеңсесіне діни ұйымның белсенділері бұзып кіріп, журналистерді православиеге тіл тигізді деп айыптап, олармен төбелес шығарған болатын.
Православие қозғалысының бірнеше мүшесі тұтқындалып, олар ұзақ мерзімдерге сотталуы мүмкін. Ал Гулашвили ұлымен бірге Оңтүстік Осетияға, одан Ресейге қашып құтылды.

Ол шынында да грузин заңын бұзыпты. Өйткені, президент Саакашвилидің жарлығымен Оңтүстік Осетияның Ресеймен арадағы шекарасы ресми түрде жабылған. Журналист ресми билік өзін саяси көзқарасы үшін қудалайды деп мәлімдеді.

Малхаз Гулашвили – Ресеймен ынтымақтасуды көздейді және президент Михаил Саакашвилиді Батыстың реакцияшыл күштерінің тапсырысымен православие құндылықтарын аяқасты етті деп айыптайды.