Қырғызстан Беларустан Бакиевті қайтаруды талап етеді

Қырғызстан бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті экстрадициялау туралы өтінішін Беларусқа тағы да жолдайды.

Бұл туралы Қырғызстан уақытша үкіметі басшысының орынбасары Әзімбек Бекназаров хабарлады. Оның айтуынша, Минск Бакиевті қайтару туралы бұған дейінгі өтінішті қабылдамауын Қырғызстанда заңды билік органдары болмауымен түсіндірді. Алайда республикада маусымның соңында өткізілген референдум Роза Отунбаеваны елдің заңды президенті ретінде бекітті.

Бішкектегі сәуір толқулары кезінде биліктен тайдырылған Бакиев Беларустан саяси баспана алды. Қырғызстанның жаңа билігі бұрынғы президентті шерушілерді жаппай қыруға қатысы бар деп айыптап отыр.