ЕҚЫҰ полициясы Қырғызстан оңтүстігіне жіберіледі

Президент Роза Отунбаева Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы республиканың оңтүстігінде тәртіп орнату жұмыстарына көмектесу үшін өзінің бейбіт полициясын Қырғызстанға жібереді деп мәлімдеді. Отунбаеваның айтуынша, 50 бітімгер аймақта қадағалау, кеңес беру және тренинг өткізу жұмыстарымен айналысады.

Бүгін Германия және Франция сыртқы істер министрлері - Гидо Вестервелле мен Бернар Кушнер маусым айында ұлтаралық қақтығыстарды өткерген Ош қаласына барды. Олар жергілікті тұрғындармен, билік өкілдерімен кездесті. Еуропалық Одақтың республикаға көмек беру мәселесі осы сапардың нәтижесіне қарай шешіледі деп хабарланды.

Министрлер Бішкекте қырғыз президенті Роза Отунбаевамен кездеседі деп жоспарланды.