Теһран: АҚШ саяхатшылары Иранға қарсы әрекеттері үшін тергеліп жатыр

Бүгін Иран қамауда отырған АҚШ саяхатшылары елдің қауіпсіздігін бұзатын әрекеттерге баруы мүмкін деген айыппен тергеліп жатқанын айтты.

Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі Рамин Мехманпарастың айтуынша, үш америкалық азаматтың елдің шекарасынан өтуінің өзі -заңсыздық. Бірақ олардың пиғылы мен жасамақ болған әрекеттерін тиісті орындар тергеп жатыр деген министрлік өкілі вебсайтқа жазған мәлімдемесінде.

АҚШ саяхатшылары осыдан бір жыл бұрын 31 шілдеде Ирақ аймағында қыдырып жүріп, Иран шекарасына өтіп кеткен. Олар тыңшылық айыптары бойынша қамауға алынған.

Жұма күні АҚШ президенті Барак Обама Иранға қайрылып, америкалық жастарды тез арада босатуға шақырған. Олар ешқашан АҚШ үкіметімен жұмыс жасаған емес, олардың еш қылмысы жоқ деген Обама өз мәлімдемесінде.