Қайрат Түнтеков Юрмалада төртінші орынды иеленді

Юрмалада Жас орындаушылардың «Новая волна 2010» байқауы аяқталды. Халықаралық ән байқауына Қазақстанның атынан барған - Қайрат Түнтеков жүлдегерлер үштігіне кіре алмады. Қайрат 281 ұпаймен төртінші орынды қанағат тұтты.

Байқауда 288 балл жинаған Армения әншісі Сона Шахгельдян жеңімпаз атанды. Ал оған бір ғана ұпаймен есе жіберген украиналық әнші Татьяна Ширко екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орынға эстондық әнші Уку Севисте көтерілді.

Байқауға биыл 12 елден 17 жас орындаушы қатысты. Танымал композиторлар Игорь Крутой мен Раймонд Паулс ұйымдастырған «Новая волна» конкурсы осымен тоғызыншы рет өткізілді.