«Central Asia Monitor» газеті өзіне қарсы сотта жеңіп шықты

«Central Asia Monitor» газетін сотқа берген «Қазақстан даму банкі» мен тағы алты компанияның шағымы қанағаттандырылмады. Екі жақтың талап-арызы мен жауаптарын екі апта бойы қараған Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шағымданушы жақтың арызын кері қайтарды.

Биылғы шілденің 19-ы күні «Қазақстан даму банкі», «Каустинг», «Силицум Қазақстан», «Агромашхолдинг», «Қазақцемент», «Биохим» компаниясы және «Ютекс» сынды қазақстандағы ірі кәсіпорындар «Central Asia Monitor» газеті мен оның құрылтайшысы «Аlem ВG» ЖШС-ін сотқа берген болатын.

Компаниялар «басылым бетінде өткен жылдың жаз және күз айларында жарық көрген мақалалар аталған кәсіпорындардың беделіне нұсқан келтіріп, жалған мәліметтер таратты» деген шағыммен сотқа жүгінген еді.