Франциядан сығандардың шығарылуы ЕО саммитіне көлеңке түсірді

Румыния мен Болгария сығандарының Франциядан шығарылуы – Брюссельде бейсенбі күні ашылған Еуропа Одағы басшыларының саммитіне кері салдарын тигізуі мүмкін.

ЕО - ның әділет істері жөніндегі комиссары Вивиан Рединг Францияның сығандарды елден қуғанын Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нацистік Германияның сығандарды қудалағанымен салыстырған. Сәрсенбі күні Франция оның салыстырғанын қабылдамай, Редингтің сөзі жөн-жосықсыз айтылған деген.

Франция премьер-министрі болса, ЕО комиссары Гединг ойланбай, ыңғайсыз пікір білдірген дей келе, ЕО-ны Батыс Еуропаға ағылып келіп жатқан сығандар мәселесін тезірек реттеуге шақырды.

Франция билігі жыл басынан бері басқа мемлекеттерден келген 8 мың сығанды елден шығарып жіберді.

ЕО басшылары егер Франция одақтың заңын бұзды деп табылса, жауапты болуы мүмкін деген.

Осыған дейін ЕО саммитінің экономикалық және сыртқы саясат мәселелеріне арналатыны хабарланған.