ІІМ: Павлюкті ұрлау фактісіне қатысты күдіктілер ұсталды

Қырғызстандық журналист Геннадий Павлюкті ұрлау оқиғасына қатысы бар күдіктілер Алматы қаласында ұсталды. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов хабарлады.

Оның сөзінше, өткен аптада Алматының криминалдық полициясы қаладағы мейрамханалардың бірінде қырғызстандық журналистті ұрлау оқиғасына қатысы бар екі күдікті азаматты ұстаған.

Бұған дейін ІІМ Геннадий Павлюктың өліміне қатысты бірнеше азаматтың анықталғандығын жария еткен еді. Олардың бәрі - Қырғызстан азаматтары. Бұл қылмыстық іс бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеуде.

Қырғызстандық журналист Геннадий Павлюк былтырғы жылдың соңына дейін қырғыз оппозициялық «Ата-Мекен» партиясының газетін шығарған. Одан бұрын ресейлік «Аргументы и Факты» басылымының қырғыз өкілдігін басқарған, содан соң «Белый Пароход» интернет-басылымы мен газетін ашқан.

2009 жылы 16 желтоқсанда қырғыз журналисі Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі 22 желтоқсанда Алматы ауруханасында қайтыс болды.