Хан дойбы, көп Нұрсұлтан және... менің марқұм күшігім

9 қазан күні Астанадағы № 59 мектеп-лицейде «Хан қалада – Хан дойбы» деген жарыс өтетінін, оған тек Нұрсұлтан деген есімі барлар ғана қатысатынын естіп қатты қапа болдым.

Жоқ, жоқ! «Хан дойбыны» білмейтіндігім үшін осы керемет ойынды жерден қазып, таудан қопарып тауып алған-мыс азаматтардың алдында қысылған жоқпын. Бәрібір мен сияқты қара қазақтың ақылы жетпейтін, бұрындары тек ел билеген даралар ғана ойнайтын ойын дейді ғой. Атымды адам... тойыс Нұрсұлтан деп қоймағанына да өкінген жоқпын. Бір ойынды аты бірдейлер ғана ойнай беретін болса, футболға Рональдинодан басқаны, баскетболға Майклден өзгені жолатпайтын шығар бұл қазақ.

Оданша қапа болғанымды айтайыншы.

Баяғыда үй саламын деп, қарызданып-қауғаланып жүріп 10 сотық жер алдым. Бір машина сары топырақ түсіріп, бір тонналық бөшкемен су тасып, кірпіш соғып жатқанмын. Күндіз батпақ езіп шаршаймын. Түнде бір зембіл, екі күрек, үш қалыпты күзетіп шығамын. Күзетпесем, құрал-саймандарым өзінен-өзі жоғалып кете береді.

Бірде түскі шайымды ішіп отыр едім, бір қаңғыбас ақ күшік келді. Бар айыбы – өскенде төбет болмайтын, керісінше басқа ауылдың төбеттерін үйір қылатын қауымнан екен. Қарыны тойған соң үйірсек болып алды. Менен қалған сорпа-суанды ішіп, кепкен нанды жейді. Түні бойы шәуілдеп үріп, мүкәмалдарымды күзетіп шығады.

Ақ күшігіме шексіз разы болып, бұл еңбегінің өтеуін қалай қайтарсам екен деп ұзақ ойланып, ақыры «керемет бір ат қояйыншы осыған» дедім. Ақкүшік, Саққұлақ деген тозған аттарды ұнатпадым. Үш күн, үш түн толғана келе, екі сөзден құралған бір ат таптым. Біріншісі – қазір кез-келген банк, партия, газет-журнал, дүкен-дүңгіршектің атының алдында қосақталып жүретін, «модаға» айналған, үш әріптен тұратын сөз. Екіншісі – иттің төбет емес екендігін айғақтайтын «қанш...қ» деген сөз.

Арада екі-үш күн өтпей жатып күшігімнің атын көрші-қолаңның бәрі жаттап алыпты. (Өздері оған дейін, тіпті, менің аты-жөнімді де білмейтін еді). Бірінен-кейін бірі келіп: «Кәне, күшігіңді шақыршы!» дейді. Мен шақырамын. Көршілерім разы болып, шек-сілелері қата күледі. Олардың айтқанына көніп, күшігіме «кә-кә» деп отыра берсем, үйім бітпейтін түрі бар. «Атын білесіңдер ғой, өздерің неге шақыра бермейсіңдер?» десем, ешкім үндемейді. Есімін дауыстап айтуға болмайтын Яхве құдай деп ойлайды ғой деймін менің күшігімді. Сол ауылға өзім емес, итім әйгілі болды. Хо-о-ош! Ақыры бір күні түнде әлгі ақ күшігім жоғалды да кетті. Біреулер өліп жатқанын көріпті.

Мен қатты қапа болдым! Маған (яғни, қазаққа!) көрші-қолаң, ағайын-туғаннан гөрі сол күзетші күшіктің көмегі көп болып еді. Қазаққа (яғни, маған!) – оригиналы мен көшірмесі бар, Хан қалада тұратыны бар, Хан дойбысын ойнайтыны бар – көп Нұрсұлтанның қандай пайдасы тиді екен?

Бала Нұрсұлтандарға обал-ақ! Обалы – жарамсақ, құл мінез ата-аналарына! Нұрсұлтан есімді балалардың саны «Хан қалада – Хан дойбы» аталатын делқұлы, дарақы шара өткізуге жететіндей молайған екен. Ойланбай, жалпоштанып, табынудан жарысып, басы жерге иілген күйі бейкүнә баланың атын Нұрсұлтан деп қойып кеп жіберген. Ертең ол өзінің дөрекі, сауатсыз, диктатуралық билігін Ақаев пен Бакиев сияқты аяқтаса ше? Немесе бәлен елдің «башы» сияқты өз достары у беріп тырайтып, оның атын көтеріп жүру ұят болатындай, ескерткішін құлататындай күн туса ше?

Біздің қазақ ондай күн туса дәл осы дарақы шараға еріксіз қатысып, дойбы ойнаған баласының атын өмірінің орта жолында ауыстырып жіберуден тайынбайды. Өйткені «жек көрер, жақсы көрер – сәті білер». Ат қоярда ойланбаған бас ауыстырған кезде тіпті қиналмайды. Сол балаларға ат қойған жалпақ бас, қалқанқұлақ, парықсыз ата-аналар елестейді маған. Әйтпесе, қазір интернет қарап, жаңалық көретін кез-келген сауатты азамат бауыр еті баласын бұлайша қорламас еді. Өйткені әр күні – былық, әр сағаты – заңсыздық, әкіреңдеген әкім, өкірегеңдеген шенеунік, қоқыраңдаған полиция, әңгіртаяғын шошаңдатқан МАИ, өртенген базар, өлген адам, аштық жариялаған әм қаңғырған қазақ. Өз байлығын кезінде бақыр тиынға алып, қазір бірнеше миллиард долларға қайта сатқан ұрылар!

Бірақ тағдыр осы балалардың дойбы ойыны арқылы билік басындағы жын-жыбырды мазақтап, сақ-сақ күліп тұрғандай. Өйткені дойбыда екі топ бар. Сол екі жақ бірін-бірі жейді. Маған сол дойбы ойнап отырған күнәсіз балалар Нұрсұлтан емес, бірін-бірі жеп жатқан дойбылар («нұрсұлтандар», «досқалиевтер», «қалмырзаевтар», «шүкеевтер», «мусиндер») болып көрінеді.

Р.S. Мен там соққан кезде белгілі бір адамның бейнесін бүлдіру іс-әрекеттерін жасағандарға айыппұл төлетіп немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыратын, ал бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекеттер үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын заң қабылданбаған еді ғой. Күшігімнің 2010 жылдың 15 маусымынан әлдеқайда бұрын өліп қалғанына қуанамын кейде. Әйтпегенде сотталып кетер ме еді ол байғұс…

qiasbay@gmail.com