Чили кеншілерін құтқару операциясы сәрсенбіде басталуы мүмкін

Апат салдарынан жер астында қалған чилилік 33 кеншіні жарыққа шығару шаралары 13 қазанда басталуы ықтимал. Бұл жөнінде Чилидің кен өнеркәсібі министрі Лоуренс Голборн хабарлаған.

Сенбі күні 700 метрдей тереңдікте қамалып қалған шахтерлерді жер бетіне алып шығатын тіке жіңішке жол- саңлауды бұрғылау табысты аяқталған. Кеншілерді арнайы капсуламен бір-бірлеп көтереді.

Чилидің солтүстігіндегі шахтада апат 5 тамыз күні болған, жер астындағы кеншілердің тірі екендігі бірнеше аптадан кейін белгілі болды. Оларға барлық қажетті заттар жеткізіліп тұрды.