Иран жетекші 6 елмен келіссөзге қарсы емес

Еуропа Одағы Теһранмен арада келіссөздің жаңа сатысын ұсынуынан кейін, Иранның сыртқы істер министрлігі Теһран өзінің ядролық бағдарламасы бойынша әлемнің 6 жетекші елімен арадағы келіссөздің нақты мезгілін талқылағысы келетінін мәлімдеді.

Брюссельде жүрген Иран министрі Манучер Моттақи ЕуроОдақтың ұсынысын «жақсы жаңалық» деп бағалады.

Өткен бейсенбіде сыртқы саясат бойынша ЕуроОдақтың жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон жаңа кездесуді қараша айының ортасында Венада өткізуді ұсынған болатын.

Иран мен жетекші 6 ел – Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция, Германия және Ресей - арасындағы келіссөз осыдан бір жыл бұрын тоқтап қалды.

Халықаралық қоғам Ираннан ядролық қару жасап шығаруға ұмтылады деп күдіктенеді. Теһран өзінің ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатты көздейді деп дәлелдеп келеді.