«Білгендік» пен «білместік»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Киевтегі баспасөз мәслихатында. Украина, 2 ақпан 2007 жыл.

Таяуда интернетте Қазақстан басшысының қызметтен кететіндігі туралы хабарланды. Басқасын қайдам, өзім қуанып, бір көтеріліп қалдым. Кәдімгідей еңсем тіктеліп, елдің бетіне тура қарайтын сәт келгенде қарап отырған болмас деп, маған достарым жіберген бұл ақпаратты мен де басқаларға тарата бастадым.

Енді ше? Басшының өзі басшылықтан бас тартыпты. Қалжырапты. Онысын тағы мойындапты да! Осы кезде мен о кісінің №1 жақтаушысына айналып шыға келдім. «Міне, ұлт батыры осылай істеу керек» деп ойладым. «Өз биігінде қалатын болдың! Әй, жарайсың, мәрт екенсің! Жаса, жаса!» деп шаттықтан басым айналды.

Одан да қызығы – осыдан 10 жылдай бұрын достарыммен бәстесіп отырып тығып қойған тәуір арағым бар еді, соны ашатын болдым деп қуандым. Өйткені Жанахметтің Айдары, Мәркеннің Айдосы, тағы біраз «шуылдақтар» жиналып отырып, «ертең елбасы қызметтен кетсе, қалай болады?» деген мәселені талқылағанымыз есімде.

Қызды-қыздымен жиналғандардың ішінде мен бар, жаңағы Айдар мен Айдос бар – үшеуміз бәстесіп, бағасы қанша қымбат болса да бір-бір тәуір шөлмек сатып алып, о кісі қызметтен кеткенге дейін сақтайтын болдық. Ол екеуінің шөлмегі алдындағы екі сайлау басталмай жатып ашылып кетті де, мен ғана сертіме берік болып қалған едім. Мен оларға айттым: «сендердікі бос әуре» дедім, «сайлаудың нәтижесін естімей жатып есірдіңдер» дедім, «ел болмайсыңдар» дедім, «мен тек ана кісі анық биліктен кеткеніне көзім жеткенде ғана ашамын» дедім.

Міне, сол жұлдызды сәт те жеткендей болды! Алдымен құлақтанған достарыма хабарластым. Айтпақшы, олардың көбі мені әуреге салмастан, өздері телефон соғып жатты. Айтатындары: «Енді қайттік?!», «Не істейміз?..», «Ендігі елдің күні не болады?!.», «Құрыдық!..»

Байқаймын, достардың көбі абдырап-ақ қалған.

Тезірек жұмыс уақыты бітіп, үйге жетуге асықтым. Арасында әйеліме соғып, «сүйіншілетіп» алдық. Бірақ ол кісіні сендіру қатты қиынға соққанын да айта кетейін.

Арада 2 сағат өтті ме, өтпеді ме, үйге жеткенім сол – достарым қайта телефон соға бастады.

Бір сөзбен айтқанда, олардың барлығы дерлік: «Ух, жүрегіміз енді орнына түсті! Әлгі ақпарат жалған болып шықты! Ана кісі өз орнында отыр екен!» десті. Тіпті, құрдастардың арасында «ақпараттың жалған болып шыққанын «жуайық» дегендер де табылып жатты...

Ал мен болсам... Өзімді жалғандағы жалғыз ақымақ сезініп, жүрегім айни бастады. Демде ана кісінің де бейнесі көз алдымда солғын тартып, аласарып, сұрланып бара жатқандай көрінді...

Бірақ есімді тез жидым. Өйткені бір «білгендігім» – әлгі шөлмекті әлі ашпаған едім...

baglanh@mail.ru