Канада әскерилері ауған армиясын жаттықтырады

АҚШ пен НАТО-ның өтініші бойынша Канада Ауғанстандағы өз әскерінің мандатын ұзартуы мүмкін.

Қорғаныс министрі Питер Маккей түсіндіргендей, әңгіме Канада жауынгерлерінің ауған армиясын жаттықтыруға атсалысуы туралы болып отыр. 2011 жылдан кейін Канада жауынгерлері соғыс қимылдарына қатыспайды.

Ауған әскерилерін оқытып-жаттықтырумен Канаданың шамамен 400-дей әскери қызметкері айналысады. НАТО-ның мәлімдеуінше, тағы 900-дей әскери маман қажет.

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террорлық шабуылдан бері Ауғанстандағы соғыста 150-ден астам канадалық жауынгер мерт болып, 1,500-ден астамы түрлі жарақат алды.