Пхеньянның ядролық бағдарламасына қатысты АҚШ өкілі Азияға шықты

АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлағандай, АҚШ-тың Солтүстік Корея бойынша жоғары өкілі Азияға сапарын бастады. Ол Пхеньянның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер өткізеді.

Стивен Босуэрц жексенбі күні Солтүстік Кореяның қарсыласы Оңтүстік Кореяға барып, одан кейін Жапония және Қытайға да ат басын тірейді.

АҚШ департаментінің бұл хабарламасы жақында Солтүстік Кореяға барып қайтқан ядролық істер жөніндегі америкалық ғалымның Пхеньян жүздеген центрифугасы бар уран байыту зауытын іске қосып қойған деген хабарынан кейін айтылып отыр.

Ядролық ғалым Зигфрид Хеккер америкалық басылымға берген сұқбатында, өзіне Солтүстік Корея билігінің өкілдері 2 мың центрифуга жұмыс істеп жатқанын айтты деген. Бірақ Хеккер өзінің ол жерге барып, суретке түсіре алмағанын айтты.

Солтүстік Корея 2006-2009 жылдары ядролық сынақтар жасаған.