Бірінен соң бірі. Арасына күн суытпай. Кетіп жатыр, кетіп жатыр.Неге? Әр оқиғаны жеке дара қарастырып, әр жастың өзіне қол жұмсауының себептерін де субъективті саралауға болады. Бірақ, бәрібір, бәріне ортақ фактор бар ғой. Бар! Балалардың қараусыз қалуы. Қай-қай мағынасында да. Мемлекет те, ата-ана да, мұғалімдер де – ешкім де жастардың тәрбиесімен айналысып жатқан жоқ.
Соңғыларынан бұл функцияны алып тастағаны, «мектеп – тек білім беру міндетін ғана атқарады» деген ұстаным ғана орнағаны белгілі. Назарбаев мырзаның қол қойған 2020 жылға дейінгі білім беру туралы құжатынан да осы олқылық орнын толтыратын нақты іс-шара байқай алмадық. Ия, әлгі бір «Өзін-өзі тану» пәні болмаса, өзін-өзі тану ғылымдарының докторынсс!
Сосын, қай мұғалім, қыңыр баласын қызғыштай қорыған ата-анамен қырқысып тұруға құлықты дейсіз. Сол, қашанда мұғалімді кінәлі қылатын ата-ананың да баласының тәрбиесімен айналысып жүргені шамалы. Бұл да күрмеуі көп күрделі мәселе – сонау тоқсаныншы жылдар факторынан бастап, қоғами құндылықтардың түбегейлі ауысып, тұлғалық құндылықтардың деградацияға ұшырауына дейінгі аралықтағы барлық себеп. Қарабайырласақ, ата-ананың баласының алдындағы парыздары призмасынан қарасақ, ата-ананың бір ғана таңдауы бар: не асырау, не тәрбиелеу. Біздер (қазақы қоғам) біріншісін таңдадық.
Мемлекет те соны таңдады. «Әуелі экономика (тамақ), сосын саясат (тәрбие)». Қытайдың «өтпелі кезеңде өмірге кел» деген қарғысының мағынасын енді түсіне түскендеймін. Бұл тек, бір ғана Қазақстанның проблемасы емес. Мынау Мәскеудегі орын алған соңғы толқулардың да түп негізі – сол: қоғами проблемалардан жастың бойында туындап, қордаланған негатиффтің сыртқа шығуы. Біз бұл кезеңге жеткен жоқпыз. Бірақ, жетіп қалдық. Орыстарда – фашисттер болса, бізде – экстремисттік діндегілер.
Адамның ес жиып, етек жинай бастаған кезінде, рухани демеу іздейтін кезі бар ғой. Ғылымда «пубертатты кезең» дейді мұны. Осы шақта кез-келген рух немен қоректенеді бізде? Не мектептен, не мемлекеттен, не үйден «қорек» жоқ. Кетеді қаңғыбас иттей әр қоқысты бір аралап.
«Сана» деймісіз? Ия, әгәраки, Құдай тағала бәріне бірдей сіздікіндей сана бергенде, жер бетінде жұмақ орнар еді ғой. Тап сіздікіндей ізгі ниет берсе, тайпа-тайпа, ел-ел болып бөлінбей-ақ, тұтас бір жерді жалпағынан мекен етер едік. Олай емес екен, ендеше, санасыз қалың тобырға арналған мемлекет саясаты болуы керек. Бірақ, бәрін мемлекетке жаба салуға болмайды.
Кеңес Үкіметін қанша жамандаса да маған ұнайтын бір жері бар, ол – идеология. Мейлі жаман болсын, мейлі, жақсы болсын – идеология керек. Бәлки, сондай бір ізгілікке, адамгершілікке шақыратын идеология болса, біздер – көшеде темекі тартып тұрған белі бесіктен шықпаған балаға жиіркенішпен, не таңданыспен қарауымызды қойып, жанашырлық танытармыз. Ал, әл-әзірше, Сократ синдромымен ешкім ауыруға құлықты емес.
Жастардың өз-өзіне қол жұмсақ жатқандарының да, олардың теріс ағымға кетіп қалып жатқандарының да, басқа да бұрыс жолға түсіп жатқандарының да себебі сол – қоғамның немқұрайлығы. Ия, біз немқұрайлымыз. Бір-бірін «Сүлеймен патшаның әскері келеді, абай бол, бауырым!» дейтін, құмырсқа екеш, құмырсқадай жанашырлық жоқ бізде. Ия, біз сондаймыз! Бір өзің кешіре гөр, Құдай!
makym.wordpress.com