Дювалье гаитиліктерге көңіл айтқанымен, кешірім сұраған жоқ

Гаитидің бұрынғы диктаторы Жан Клод Дювалье өзінің 15 жылдық режимі кезінде құрбан болғандар үшін көңіл айтқанымен, олардан кешірім сұрамады.

Жұма күні Порто- Пренс қаласында Дювалье 1971-1986 жылдағы өз билігі кезінде қырылған гаитиліктер үшін қайғырып, көңіл білдіретінін айтты:

"Мен бұл мүмкіндікті пайдаланып, менің үкіметім кезінде зардап шектік деп санайтын отандастарыма тағы бір рет шын жүректен көңіл айтамын".

"Бейби док" атымен белгілі 59 жастағы бұрынғы диктатор өткен аптада күтпеген жерден Гаитиге оралған. Ол бір жыл бұрын елдегі алапат жер сілкінісінің зардаптарымен күресіп жатқан гаитиліктерді ұлттық біріктіру үшін өзінің жұмыс жасап, сайлаудан кейінгі саяси дағдарысты реттеу үшін келгенін айтты.

Адам құқын қорғаушы белсенділер Дювалье билігі кезінде оның мыңдаған қарсыласы қырылып, оның құпия қызметі көптеген адамды азаптаған дейді.