Жапон халқының ұзақ өмір сүруінің үшінші қыры

Жапон халқының арасында болып, олармен етене жақын араласа алмасам да, әркез олардың жан дүниесіне, психологиясына үңілумен болдым. Менің аңдағаным – олар дәл біздердей эмоцияға берілмейтін халық екенін байқадым. Көшеде, дүкенде, жұмыста бір-біріне сан мәрте иіліп сәлем беретін олар көп нәрсеге сөзге келіп ашу шақырып, болмас іске қызыл кеңірдек болып салғыласып жатпайды. Тіпті аңдаусызда біреудің жолын кесіп, болмаса қағып кетсең, саған ала көзбен қарап, болмаса дүрсе қоя бергенді қойып, өзіңнен иіліп тұрып кешірім сұрайды.

Шыны керек, бұрын самурай туралы фильмді көп көргендіктен бе, жапондарды қатал және діні қатты халық па деп ойлайтынмын. Алайда бұл елге келіп, көптеген қалаларында болсам да, бәрінен табылатын ұқсастық – өте кішіпейілділігі және өз эмоцияларын тежей білетіндігі мені қатты толғандырды…

Бірақ олардың осындай ашушаң болмай, жүйке-жүйесі шаршамай өмір сүруінің қоғамдық себебіне де үңілуді жөн көрдім. Бос уақытта ұстаздарымды сөзге тартқанымда, олар маған қалжыңға сүйеп жауап берді. «Сендерде коммунистер жетпіс жыл «коммунизм құрамыз» деп соғысып, аштан қырып, сүргінге айдап жүргенде бізде (коммунистер билікте болмаса да) коммунизмге жақын қоғам орнады» деп күлді.

Олардың айтуынша, жапон елінің негізгі бөлігін басында үйі, әрбірінде жеке машинасы бар, өмірі мен тұрмысы толық сақтандырылған орта тап уәкілдері құрайды. Асып-тасып жатқан, шіріген мультимиллионерлер көп емес. Халық тұрмыс деңгейі негізінен бірдей болғандықтан «анау неге менен асып барады!», «менде неге мынау жоқ!» деген бәсекелі бақталастық ой адамдарда аз болатындықтан, рухани жақтан адамдар өз-өзіне қанағат қылып, өз жанын өзі жемей, бірқалыпты көңіл күйді ұстап, әркім өз жұмысымен айналысады екен.

Мені таң қалдырған жері – 130 миллион халықты сыйғызып отырған шағын арал мемлекетінде бүкіл қазаққа бас ауру болған «үй мәселесі» деген атымен жоқ, тіпті жарнама газеттерінен «үй жалдауға аламын»деген жарнаманы іздесем де таба алмадым. Әрине, үлкен қалаға жұмыс пен оқуға келген шетелдік студенттер, қонақтар үй жалдап тұратыны түсінікті жағдай. Бірақ ең төменгі пайызды несиемен берілген үй жапон халқын үй мәселесі деген «бас ауруымен» ешқашан ауырмайтынын қамтамасыз еткен.

Жапон қыздары мен әйелдері өте қарапайым, кең-мол тігілген үлгіде киінуді қалайды екен. Жаппай сән қуып, аузынан жырып алып үстіндегі киімін ғана жылтыратқаннан гөрі, денсаулығын қорғауға мән беріп, ашық-шашық жүрмейтінін байқадым. Жапон оқу орнынан біздегідей бұрыш-бұрышта көк түтінді бұрқыратып, қыстың қақаған аязында ашық-шашық тұратын аруларды көре қоюың екіталай.

Ұзақ жасаудың себебін іздеп, ұстаздарымның мазасын алып, сұрақ қоя бердім. Олардың айтуынша, адамның ұзақ жасауына үлкен көмек беретін тағы бір үлкен фактор – адам миының барынша қарқынды жұмыс істеуі екен. Неғұрлым ғылым мен шығармашылық, жаңа ізденіспен жүрген адамның ми клеткалары да үздіксіз қозғалыс пен жұмыс күйінде болып, адамның ерте қартаюының, алжуының алдын алады екен.

Қазақтың «істетпеген миы сасиды» деген мақалы соған қаратылса керек. Жапон халқының үздіксіз үйренуде болатынын, қартайса да үйренуді тоқтатпайтынын бізге жапон тілінен сабақ берген 68 жастағы Харада апамнан білгендей болдым. Ол кісі бізге сабақ берумен қатар бізден орыс тілін үйреніп жүрді.

«Сіз Ресейге бармайсыз ғой, не қажеті бар?» деп сұрағанымда, ол кісі «бұл маған қызық» деп қана жауап берді.

Мені таңғалдырғаны – бізге сабақ берген 65-тен асқан мұғалімдердің бәрінде өздерінің жеке блогі бар екен. Ол блогтарында, өздері техника саласында өмір бойы қызмет етсе де, мәдениет, саясатқа қатысты ойларын, күнделікті өміріндегі жаңалықтарын әр күн сайын жазып отырады екен. Бос уақтында өзі қалаған нәрсемен айналысып, бостан босқа күн өтізу деген – оларға жат екені, қартайып тұрса да, жаңа техникаларды жат көрмей, тіпті компьютердің «құлағында ойнайтыны» мені бей-жай қалдырған жоқ.

Ал бізде қалай екенін көзі қарақты оқырман салыстырып саралай жатар. Оны бұл жерде тізбелеп жатудың өзі артық дүние.

Келесі жолы тағы да ұзақ өмір сүрудің жылт еткен бір қырын көріп қалсам, міндетті түрде блогыма түртіп қоямын.

Ұзақ та мәнді өмір сүруге не жетсін!…

http://kokjal83.wordpress.com