Жапонияда атом электр станциясында тағы бір жарылыс болды

Жапонияның Фукусима-1 атом электр станциясында бүгін тағы бір жарылыс болды.

Жұма күнгі зілзаладан бұл АЭС зардап шеккен болатын. Билік орындары бүгінгі жарылыстан ядролық реактордың бүлінбегенін хабарлап отыр.

Жапон мамандар барлық үш реакторда салқындату жүйесі істен шыққандықтан, қатты қызып кету қаупі барын айтады. Қазір реакторларды теңіз суымен салқындатуға тырысып жатыр.

Жапонияның «Кёдо» агенттігі зілзаладан кейін пайда болған цунамиден қатты зардап шеккен Мияги префектурасы жағалауында құрбан болған екі мыңға жуық адамның денелері табылғанын хабарлады.

Қаза болғандардың жалпы саны әлі толық анықталған жоқ. Билік орындары зілзала салдарынан құрбан болғандардың саны ондаған мың адамға жетуі мүмкін деген болжам айтады.