Радиация деңгейі көбейген «Фукусима» АЭС-нен жұмысшылар әкетілді

Жапониядағы зілзала мен цунами кесірінен апат шыққан «Фукусима-Дайичи» атом электр станциясында радиация мөлшері қауіпті шамаға жеткендіктен ондағы барлық жұмысшылар қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы бүгін жапон үкіметінің өкілі Юкио Эдано мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгін таңертең АЭС-те болған кезекті өрттен соң радиация деңгейі күрт көбейіп, одан соң бәсеңдей бастаған. Кеше АЭС-тен радиация тарағаны хабарланған еді.

Юкио Эдано Жапония үкіметінің апатқа ұшыраған АЭС-тің реакторларын салқындату іс-шарасына көмектесуді сұрап америкалық әскерилерге өтініш жасауы мүмкін екендігін айтты.

Наурыздың 11-і болған зілзала мен цунами құрбандарының нақты саны әлі анықталған жоқ. Кейбір болжамдар бойынша, апаттан көз жұмғандар саны он мыңнан асуы мүмкін. Соңғы деректерге сәйкес, зілзала мен цунамиден соң Жапонияда жарты миллионға жуық тұрғын баспанасыз қалған.