Бізден бір қалған Блогкемп…


Бірнеше ай болды Блогкемптің логотипі секілді қызылды-жасылды өмір сүргенімізге. Екі күндік шара ептеп түсімізге кіріп, есімізден енді айырып бара жатыр еді, Құдай оңдап өтіп тынды. Еңбегіміз ел қатарлы сіңе қоймаса да, ертеңді-кеш тілеуін тілеп, тақымымызды қысып жүрген соң, құрылтайдың қисаймай, аман-есен өтуін шын көңілден тіледік. Тілегіміз орындалған секілді. Әйтеуір, мен сөйлескен жұрт ырза.

Әрине, анау бір жігіттің мынаған, мынау бір қыздың анаған көңілі толмай жатқаны жайлы фактілер кездесіпті. Бірақ, меніңше, ол заңдылық. Он адамның басын қосып туған күн өткізсең де, ертесіне ел аузынан етектей-етектей «қара пиар» материалдарды құшақтап қайтасың ғой, ал оның жанында бүтіндей бір ротаны аузы-мұрнынан шығарып толтыра алатын адам қатысқан құрылтайда жел сөздің болуы – есі дұрыс құбылыс.

Өз басым осы шарадан бұрын-соңды болмаған керемет әсер алдым. Алғаш рет «өзім өз, көйлегім бөз» болып презентация жасадым (дым пайдасы болмаса да). Алғаш рет старт-ап таныстырдым. Алғаш рет жалпы кемпке қатыстым. Алғаш рет өйттім… тұңғыш рет бүйттім… бірінші рет сөйттім…

ТАНЫСУ

Құрылтайға қатысқандардың алған жағымды әсері ең әуелі танысулармен байланысты деп ойлаймын. Өзім аватарын көріп, жазбалары мен пікірлерін оқып жүрген көп адаммен таныстым, пікірлес болдым. Өзгелердің ойын білдім, пайдалы ақпараттар жинақтадым. Білім көкжиегін кеңітуде блогкемп көп көмектесті.

АЛҒАШҚЫ КҮН

Он сегізінші наурыз. Кешкі сағат жеті. «Тоғыз қатынның толғағы бір-ақ келіп» жұмыста езіліп отырмын. Айкона қайта-қайта телефон соғады. Футболка, қалам, блокнот, папканың әуресі ғой… Әйтеуір, ары барып, бері келіп, қателеспесем, сағат ондарда КИМЭП-ке жеттім. Қуаныш батыр бастаған бір топ қыз күтіп алды.

Дайындық бөлмесі абыр-сабыр. «Құдалар келе жатыр, құдалар!!!»… Ақзере ішек-қарын аршып отыр. Қуаныш екеуміз қазан тасып, ошақ қалап, палатқа құрдық. Айкона мен Қалдықыз киіт жағын реттестіруде. Салтанат-Балғырған дастарханмен әуре. «Самаурын түбі ағып кетпесін!» деп айғайлап қояды.

Үлкен үйге құдалардың алдыңғы легі келіп те үлгеріпті. «Көрмес «Керместі» де көрмес» деп Әбіләкім айтпақшы, бізден басқа алматылықтар құрдай жорғалап сол жақта жүр екен. «Керместе» дегенім ғой. Беделдері бес түйеге жүк боларлық біраз қонақ сол жақта шай ішіп шалқақтап отыр деген хабар бізге де жетті.

Дайындығымыздың басын қайырдық та, «Кермеске» тарттық. Ойымыз – күйеу жігіттің, қонақтардың көңіл-күйін көру, тамырларын басып, жайын табу. Келсек, біраз жұрт күртешелерін киіп алыпты. «Қайтып баратырмыз, бізбен жүрсей» деп жымың-жымың етеді.

Шымкенттік кланмен біраз отырдық. Арасында Дон Қарасақал пен Дон Ербол Серікбай бар бір топ мафиозниктер қазнеттің қазіргі таңдағы проблемаларын сөз қылды. Әдейі біз түсінбейтін тілде сөйлеген соң ба, Ербол (Азанбековті айтамын) екеуміз қоңыз теріп, қаңғып кетейік дедік. Әйтеуір, бір кезде барып жігіттер қазақ тілінде сөйлесе бастады. «Уф» дедік.

Сағат түнгі бірдің айналасы. «Керместің» алдында Ербол, Қуаныш, Сағын, мен тұрмыз. Қуаныш екеуміз «презентация жасау керек еді, аяқтау керек еді» күбірлеп қоямыз. Сонда да қоймай, тағы шай іштік.

Жолда келе жатқанда, басымда «үйге барып біраз жұмыс істеп тастамасам» деген алапат ой болған, үйге келіп төсекке отыра бергенім сол еді… оянсам – киініп кету керек екен, таң атыпты.

БІРІНШІ КҮН

КИМЭП-тің жаңа ғимараты абыр-сабыр. Адамдар жиналып жатыр. Камера, микрофондарын құшақтап журналистер де жетіпті. Саясаткерлердің де алды көріне бастады. «Қідай жүрек» (Патик(с)) қыздар Ақзере, Айкона, Қалдықыз, Розатай, Анарқыз, Балжан келген елді тіркеп, сыйлықтар таратуда. Шарт-шұрт сурет, қауышып жатқан құшақтар, «сіз-біз» әңгімелер, танысулар…

«Заманымыздың заңғар блогшысы» Өркен келді. Нұрғиса Асылбек дейтін «орда бұзар» қазақ міне жүр. Анау тұрған – ардагерлер Аршат, Жанна, Бекжан Толыбай… Біз сияқты блогосферааға жаңа келгендер (алты айдың айналасы) жан-жағына үрке көз тастайды. Телевизор мен газеттен көргеніміз болмаса, тірідей көру құрметіне бұрын-соңды ие болмаған тұлғалар қызыл қалы кілемнің үстінде құрмет тұтушыларымен суретке түсіп жатыр.

Бір кезде презентациялар басталды. Айхой кетті дейсің. Жамырап жұрт ана жұлдыздың сөзін тыңдайды, мына маманның шеберлігіне қол соғады. Дабыр-дұбыр сөз, талқылаулар.

Оны бір, мұны бір қарап, реттеп, қыздардың бір жағына шығып жүріп, блогкемптың бірінші күнінің қалай біткенін сезбей қалыппын. «Ал, кеттік, волейболға, ал кеттік» деп жатыр екен, ере жөнелдім. Барып біраз доп ойнадық.

Үйге жетіп жығылдым әрең дегенде. Көзімді ашсам…

ЕКІНШІ КҮН

Тоң жібіп, мұз еріп, қарым-қатынастың қалыпқа түсе бастаған кезі. Көз қылар қонақтар қайтып, құдалармен өзіміз оңаша қалдық. Ауада бір еркіндік сезіледі, асықпай шай ішіп, шіреніп-шіреніп… шалжиып жатырмыз. «Қазақтелекомның» интернеті қолымызды босатып, Кэйселдің берген блокнотына оны-мұны түртіп, Нокиа мен НР сыйлықтарын аузымыздың суы құрып ойлап, КИМЭП-тің жаңа ғимаратында отырмыз.

Презентациямды бір пысықтадым да, екінші залға кірдім. Он бір елуге осы hall-ға жазылғанмын ғой. «Бір адам келсе де жаман болмас еді» деп отыр едім, біраз адам келіпті. Тек шәйнектерге дегем, бірақ... ұят-ай, арасында мені ауызға ұрып кететін блогшылар жүр.

Жиырма минуттай сөйлестік, әңгімелестік. Өзіме қызық болды. Әйтеуір «тупо» кіріп-шыққан жоқпын.

Аршат менің kerekkino.wordpress.com дейтін сұрғылт блогымнан kino.dosym.kz дейтін қызық сайт жасап берді. Бес минутта! Рахмет, Аршат...

Түстен кейін Салтанат екеуміз үстелдерді жинап жүргенбіз. Мен «бұттан кеттім». Анығын айтсақ, Балғырған «бұттан кетірді». Үстіме шай төгіп жіберді. Айтпақшы, Салта, сол кездегі «Өлтір!» деген үнің құлақтан кетер емес!

Түстен кейін старт-ап және байқау қорытындылары жарияланған соң, Әбіләкім асаба болып жатқан «Мылтық және гүл» пабына бардық. Әдемі отырдық. Ол әдемілігіміз Айсұлтанның қонақ үйдегі нөмірінде жалғасын тапты. Әдемі анекдоттар айтылды…

Ұйықтап қаппын. Көзімді ашсам, таңғы сағат бес. Бөлмеде Жанарбек аға отыр. Тарс-тұрс етіп, Ернар мен Айсұлтан бір кіріп, бір шығып жүр.

Ауызға «шешесс» дегеннен басқа эпитет түспей қалды.

БАЙҚАУ

Байқауды «Ең көп талқыланатын блог» номинациясы бойынша ұтыппын. Дауыс бергендерге рахмет. Екі күн бойы жүргізген агитациям текке кетпепті, бір риза болып қалдым :) Шынымды айтсам, жеңемін деп ойламаған едім. Енді не болса да Мегалайнның қызметін тегін бір жыл пайдаланатын болдым.

АЛҒЫС

Қандай да бір шара ұйымдастырудың азабы мен «ғажабын» өте жақсы білемін. Жұмысым тікелей соған байланысты. Сондықтан, блогкемптың асты-үстіне түсіп жүргендердің жай-күйін түсінемін.

Қыздар, жігіттер! Бәрі керемет өтті. Анау-мынау кемшіліктер «ханның қызында да болады». Сондықтан, не болса соған көңілдеріңді ауыртпаңдар. Кеш те болса осылай жазып отырмын. Себебі, шын мәнінде шара жоғары деңгейде болды. Шын жүректен алғыс сендерге! Бәріңе! Өзімдік нағыз ойым: құрылтайдың қисынды, қызықты өтуі шараның әр қатысушысына тәуелді болды.

Бәріміздің басымызды қосқан Асхат Еркімбайға ерекше рахмет! Басқамыз үлкенді-кішілі кедергілерге ұшырап, қиналып қалғанда, мұрнына су жетіп, басқа шарасы басынан асып жүрсе де, бір ауыз ақылын айтып жібергені үшін. Құрылтайдың өтуіне бірден-бір себепші фактор – қаржылық жағдайдың оң шешімін табуда қажыр көрсеткені үшін. Алла разы болсын…

ТҮЙІН

Блогкемптің өткеніне үш күн болды. Алған әсеріміз әлі таусылған жоқ. Айтар алғысымыз да сарқылар емес. Әттең, жұмысым бітпей, алматылықтардың қорытынды жиналысына бара алмай қалдым.

Енді алда болар минибарды асыға күтудемін.

Келер жылы құрылтай өтеді деп сенейік. Алматы, ырыспек саған! Құшағыңды аш, Астана!!!

Әйтпесе, сол бір абыр-дабыр шараны сағынып қалыппын. Әбіләкімнің нөмірі еске түсіп…

http://qisyq.wordpress.com