Иракта белгілі шиит саясаткерін атып кетті

Әли әл-Лами баспасөз мәслихатында. Бағдад, 2 сәуір 2010 жыл.

Бағдадта белгілі шиит саясаткері, бұрынғы билеуші «Баас» партиясынан тазарту комиссиясының жетекшісі Әли әл-Лами қастандық құрбаны болды.

Қаланың шығыс бөлігінде оның автокөлігіне белгісіз біреулердің атқан оғынан әл-Лами мен жүргізушісі қаза болған.

Әли әл-Лами жетекшілік еткен комиссия бұрынғы диктатор Саддам Хусейн басқарған «Баас» партиясында лауазымды қызмет атқарған адамдар Ирактың саяси тірлігіне араласпауын қадағалайтын.

Бірқатар сүннит саясаткерлері Иранмен тығыз байланысы болған әл-Ламиді «мәселеге сыңаржақ қарайды» деп сынап келген еді.