Сметанина немересін қағып кеткен ресейлік дипломатты сотқа берді

Қазақстандағы Ресей елшілігінің вебсайтынан алынған сурет. 12 мамыр 2011 жыл.

Алматыда Ресей консулдығының қызметкері электромобильмен қағып кеткен 4 жасар қыздың әжесі Вера Сметанина дипломатты сотқа берді деп хабарлайды «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі.

Алматы ішкі істер департаменті Ресей консулдығының кеңесші-консулы Андрей Мамаевқа қатысты қылмыстық істің әзірше қозғалмағанын айтқан болатын.

Мамырдың 1-де Мамаев Алматыдағы 28-панфиловшылар саябағында Лилия Сметанинаны қағып кеткен еді. Нәтижесінде әлгі қыз ауыр жарақатпен балалар ауруханасының реанимациялық бөліміне түскен болатын.

Сметанина отбасының адвокаты Валерий Соколовтың айтуынша, қазір қыздың денсаулығы жақсарып келеді.